Барлық жаңалықтар

Наурыз 28, 2024

GASENERGY НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ӨТКІЗДІ

Наурыз – көктемнің келуі ғана емес, жаңару мен жаңғыру кезеңі, асыл армандар мен үкілі үміттердің оянатын мезгілі. Күн мен түн теңелетін осынау мәнді мереке биылғы жылы Қазақстанда ерекше жарқын да мағыналы сипатқа ие болып отыр. Өйткені Наурыз алғаш рет ескі де жаңа ережелерге сәйкес 10 күн бойы аталып өтілетін болды. Мұның өзі осы мерекенің мәні мен маңызын көрсетсе керек. Осылайша ата-бабаларымыздан келе жатқан көне дәстүрлер кеңістікті өзінің сән-салтанатымен, жақсылық-жылуымен толтыра, қайта жанданды.

GASENERGY ЖҚК желісі қазақстандық мәдениет пен өнер үшін маңызы айрықша осынау мерекеден тыс қалмай, лайықты түрде атап өтті. Наурыздың құрметіне ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралардың ауқымы мен ажары Компания қызметкерлері мен қонақтарын таңғалдырғаны анық.

Компания GАSENERGY ЖҚК желісінің көптеген  бөлімшелерінде Наурыз мерекесін тойлауға арнайы орындар ұйымдастырды. Басшылық пен қызметкерлер жанармай құюға келген әрбір клиенттің мереке мен қонақжайлылық рухын сезінуі үшін күш-жігерлерін барынша жұмсады. Шаруаларымен асыққан клиенттер тек тәтті бауырсақтан дәм татып үлгерсе, ал мерекеге уақыт бөлуге мүмкіндік тапқан барша жандар бай дастарханға шақырылып, оларға арнайы әзірленген наурыз-көже мен бал қымыз ұсынылды! Ұлттық киімдегі қыздардың салған әсем әндері мен балалардың қуанышты күміс күлкісі домбыраның қоңыр әуенімен үндесіп, мерекелік көріністі барынша қанықтыра түсті.

Әрине, бұл мерекенің сәнін де, дәмін де, мәнін де кіргізген негізгі тағам – ерекше ықылас-сүйіспеншілікпен әзірленген Наурыз-көже болғаны анық.

Сондай-ақ мерекелік дастарханға молынан қойылып, өздерінің тіл үйірер дәмімен, хош иісімен жиналған барша жұртты тәнті еткен құрт, қаймақ, ірімшілік, қоспа, балқаймақ, қаз, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдар да ұлтымыздың мәдени бай мұрасының жарқын жалғасын көрсеткендей болды. Келер жылдың байлығы мен несібесі Әз Наурызды қалай қарсы алғаныңа байланысты деген ерте заманнан келе жатқан нанымнан да болар, ақ пейілмен жайылған дастархандағы түрлі-түрлі тағамнан көз тоятындай еді.

Мереке әсем ән-күймен, сахналық қойылымдармен көркемделіп, керемет ұлттық салт-дәстүрмен, байқаулармен және ойындармен өзгеше өрілді. Қатысушылардың барлығы өздерінің әдемі ұлттық киімдерімен мерекеге ерекше рең берді.

22 наурыз күні GASENERGY жанармай құю кешендеріне келген барша қауымды түрлі тәтті тағамдармен қарсы алу дәстүрі мереке шаттығын одан да асқақтатып, көңілдерге қуаныш сыйлап, жағымды әсер қалдырды.

GАSENERGY компаниясында аталып өтілген Наурыз тойы барлық қатысушылар үшін қуанышқа, көтеріңкі көңілге және ұлттық салт-дәстүрлерлер көрінісіне толы нағыз мереке болды. Бұл керемет мереке барлығымызға емен-жарқын бас қосып, жаңа маусымның басталуын ерекше атап өтуге және көктемді ақ пейіл, жарқын көңілмен қарсы алуға мүмкіндік берді.